Артқа

Қызмет баспалдағында бөгейтін 4 кедергі

07 қаң. 2023
Қызмет баспалдағында бөгейтін 4 кедергі

Кейбір адамдар көптеген жылдар бойы бір лауазымда отырып қалып, неге өсе алмайтынын түсінбей әлек. Неліктен бұлай болады? Мансапқа кедергі болатын 4 түйткілді келтіреміз. 

  1. Жұмыс күнінің белгіленген 8 сағатын тапжылмай өткізу 

Көптеген қызметкерлер жұмыс уақытын үнемі бірдеңені күтіп өткізеді - түскі үзіліс, жұмыс күнінің соңы, демалыс. Олардың басты ойы - жұмыстан шығып қалмас үшін жеткілікті мөлшерде жұмыс істеу. 

Алайда, тек керемет нәтижелер бізді жоғары деңгейге көтереді. Бұл үнемі ерлік жасап, шүмектеп тер төгу қажет дегенді білдірмейді. Бірақ басқаларға қарағанда кем дегенде мұқият және тиімді болуға ұмтылуымыз керек. Таңдай қақтыру, жаңа тәсілдерді ұсыну, тың биіктерді бағындыру – көпшіліктен ерекшеленудің және басшылардың назарын өзіңізге аударудың, жалт қаратудың тамаша тәсілдері. 

  1. Мансаптық жоспарларымыз туралы үндемеу

Бастықтар ойды оқитын көріпкел емес. Ұяңдықтан арылып, басшылыққа өзіңіздің өсуге деген ұмтылысыңыз, жаңа міндеттерді мойынға алуға дайын болуыңыз және жауапкершілік аймағын кеңейтуге құлшынысыңыз туралы қысылмай жеткізіңіз. 

Танымал бір фильмдегідей, сіз бас директордың ойына келесі бөлім бастығы кім болатынын салуыңыз керек. Міне осылайша ол бұл туралы ойлаған кезде, сіз, ең болмағанда, оның көз алдында елестеуіңіз абзал. 

  1. Ұсақ ойлаймыз

Ағылшын тілінде «Fake it till you make it» деген жақсы ұғым бар, яғни сіздің мақсатыңыз шындыққа айналғанға дейін ұмтылудан танбау ләзім. 

Яғни, егер сіз бөлім бастығы болғыңыз келсе, онда сіз бұрыннан солай сияқты әрекет етуіңіз керек. Асқақ, биік ойлау - жауапкершілікті көбірек алу, бүкіл бөлімді қалай жақсартуға болатынын ойластыру, көшбасшылық қабілеттерін көрсету, команданы алға сүйреу. Ағымдағы бөлім бастығына қолғабыс жасаңыз, ол көтерілгеннен кейін сізді орнына ұсынуға лайықты екеніңізді біледі.

  1. Әріптестермен және басшылықпен кикілжіңге келмеңіз

«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер». Даукес адамдар ешкімге ұнамайды. Қарым-қатынастағы қиындықтарға байланысты тіпті ең білікті сарапшылар да өсе алмайды. Бұл сізге ұдайы «көзге түскіш» және «жылпос» болу керек дегенді білдірмейді. Дегенмен ұжыммен жақсы және тұрақты қарым-қатынасты сақтау - бұл сіздің қолайыңызға жақпайтын жағымсыз пікірлер мен қауесеттердің болмауына кепілдік беретін, өсіп-өнгізетін, елдің батасын алғызатын тамаша шарт. 

Әрине, жеке басыңызға мүлдем байланысты емес басқа себептер өсуге кедергі келтіруі мүмкін. Бұл жағдайда жұмыс орнын ауыстыру туралы ойлануға болады. Бірақ жоғарыда аталған кедергілерден аулақ болмасаңыз, кез-келген жерде алға жылжу қиынға соғады. 

Анель Әбілқайырова