«Мен сайтты достарыма ұсынып үлгердім». «Тау-Кен Самұрық» қызметкері Samruk Qyzmet көмегімен қалай жұмыс тапқаны жайлы әңгімеледі
Іскерлік мансапты сәтті құру үшін бірнеше маңызды қадам жасау керек. Біріншіден, мамандық таңдауға саналы және дербес көзқарас таныту. Екіншіден, жұмыс іздеуге қажет сенімді алаң тапқан абзал. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз - Әйгерім Кәрімова осы ережелерді ұстануға тырысқанның нәтижесінде еліміздің ең ірі тау-кен компаниясында қызмет етуде.
Әйгерім Кәрімова С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің экономика факультетінде оқыған. Оқуды бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқанымен, біраз уақыттан соң басқа бағытты байқап көргісі келетінін түйсініпті. Содан корпоративтік басқару саласына бет бұрған. Ал жаңа білімді игеріп, құзыретті кеңейтуге семинарлар мен тренингтер септігін тигізген.
Әйгерім «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына қадамды «KEGOC» компаниясынан бастағанын айтады: алдымен Жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің жетекші маманы болып істеп, кейінірек Корпоративтік хатшы қызметінің менеджері лауазымына ден қойған. Бұл жерде де жаны кәсіби өзгерістерді қалағанымен, бәрін біржола тастап кетудің қисынсыздығын ұғынған. Сондықтан әлеуетті жұмыс берушілердің аясын Қордың еншілес ұйымдарымен шектеуді ұйғарған. Ал олардың барлығы жайлы ақпарат қайда бар? Әрине, Samruk Qyzmet сайтында.
«Мен бұл ресурс туралы KEGOC-та жұмыс істеп жүргенде білдім және жаңа жұмыс туралы ойланғанда, бірден соған жүгіндім. Samruk Qyzmet пайдалану жағынан өте ыңғайлы дүние. Өзіңіз туралы ақпаратты толтырып, бос орынға үн қату – бірнеше минутта ғана еңсеруге болатын шаруа. Ашықтығына да қуандым: қандай да бір позицияға қанша адам қызығушылық танытқанын, олардың қаншасы іріктеудің келесі кезеңіне өткендігін көру және тағы басқа құралдар жүрекке сенім ұялатты», - деді Әйгерім.
Кейіпкеріміз өзі діттеген қызықты жұмыс орнын сайтта тіркелгенде бірден тапқан. Өзінің дағдылары мен тәжірибесін компания талаптарымен салыстыра келе, күшін сынап көруді шешкен.
«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-дағы бос орынға жауап бермес бұрын, олардың ресми сайтында компанияның қызметімен таныстым. Онда даму динамикасы мен тұрақтылығы назарымды аударды. Еліміздің тау-кен саласының болашақ көкжиегі кең деп ойлаймын», - деді ол.
Компаниядан жауап үш күннен кейін келген. Алдымен бойжеткенге мемлекеттік тіл мен ҚР заңдарын білуге арналған тестілеуден өту ұсынылған. Содан соң тиісті бағытқа жетекшілік ететін басшымен және HR маманымен сұхбат құрылған. Конкурстық комиссия қорытынды тұжырымды оң шығарған. Бұған дәлелі – joboffer.
«Корпоративтік басқару және орнықты даму жөніндегі жетекші менеджер ретінде бір апта бойы істеп келемін. Қызметіме «Самұрық-Қазына» АҚ және «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Корпоративтік басқару кодексін іске асыруды және сақтауды қамтамасыз ету, еншілес ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесінің қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ орнықты даму қағидаттарын сақтау кіреді. Samruk Qyzmet ауқымында бағымды сәтті сынап, жаңа ұжыммен қауышып жатқандықтан сайтты достарыма ұсынудамын. Білуімше, қатарластарымның екеуі ол жерге тіркеліп те үлгерді. Оларға сәттілік тілей отырып, жақсы жұмысқа жолығады деп үміттенемін», - деп түйіндеді әңгімесін Әйгерім.