Артқа

Айдар Рысқұлов: Әрбір «самұрықтық» қоржындық компанияларда жұмыс істеуі тиіс.

15 қаң. 2021
Айдар Рысқұлов: Әрбір «самұрықтық» қоржындық компанияларда жұмыс істеуі тиіс.

Біз Айдар Қайратұлымен оның мансаптық жолы, Самұрық-Қазына қызметкерлерінің мүмкіндіктері және жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті табудың маңыздылығы туралы әңгімелестік.

Жеке сектордан квазимемлекеттік салаға

Айдар 2002 жылы Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде экономист мамандығын игеріп, бірінші жоғары білім алған. Кейінірек, 2006 жылы екінші ЖОО – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітіріп, заңгерлік бакалавр дәрежесін меңгерген.

Кейіпкеріміз жұмыспен қатар екінші жоғары білім алып үлгерген. 2002-2003 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Қарағанды филиалында инженер-экономист болып жұмыс істеп, кейін «АТФ Банк» астаналық филиалына ауысқан. Онда ол 2003 жылдан бастап 2006 жылға дейін клиенттерді тарту секторының маманынан ШОБ кредит беру бөлімінің микрокредит беру секторының екінші деңгейдегі жетекші маманына дейінгі жолдан өтті.

2009 жылға дейін Айдар Рысқұловтың бүкіл мансабы банк секторымен байланысты болды – «АТФ банктен» кейін ол «БанкЦентрКредитте», «Қазақстан Халық банкінде» еңбек етті. 2009 жылы жеке сектордан квазимемлекеттік салаға өтіп, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінде инвестициялық жобалар департаментінің жобаларды талдау басқармасының бас менеджері болып жұмыс істей бастады және осы департамент директорының орынбасары лауазымына дейін жетті.

«Самұрық-Қазына» АҚ-да еңбек жолымды 2012 жылдың наурыз айында бастадым. Бұған дейін «ҚазАгро» ұлттық холдингінде жұмыс істедім, яғни квазимемлекеттік секторда жұмыс тәжірибем болды. ҚазАгрода қанатымды жая алмағандай күй кештім – кәсіби салада одан әрі өсіп, ауқымды мәселелерді шешумен айналысқым келді. Дәл осы уақытта қордағы Қаржы активтерін басқару дирекциясында – құрамына сол кезеңде «Самұрық-Қазына» қоры меншігінде болған қаржы институттары мен екінші деңгейдегі банктер кірген құрылымда бос орын пайда болды», - дейді Айдар Рысқұлов.

2012-2014 жылдары департаментте жұмыс көрігі әбден қызған. Ол кезде Қор активтерінің құрамына Қазақстанның даму банкі, Қазақстанның инвестициялық қоры, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «ҚазЭкспортГарант» және «Қазына Капитал Менеджмент», сондай-ақ қайта құрылымдалған қаржы институттары – «БТА Банк», «Альянс Банк», «Темірбанк» және «Астана Финанс» енген.

«Жұмысты бастау өте қиын болғанын мойындаймын, бірақ ырғалып жүруге уақыт болмады, көп нәрсені «ат үстінде» үйрену керек еді. Дәл сол кезеңде «БТА Банкінің» міндеттемелерін қайта құрылымдау қажеттілігі туындап, кейде таңертеңге дейін жұмыс істеуге тура келді. Сондай-ақ банктерді қайта құруға және Қорды екінші деңгейлі банктердің құрамынан шығаруға байланысты көптеген қызықты жобалар болды.

Ақпараттың үлкен ағымы мен жоғары қарқыннан, керісінше, көбірек жұмыс істегім келді, қысылтаяң сәттерге төзімділік артты», – дейді Айдар Рысқұлов.

2014 жылы Қор банктер акционерлерінің құрамынан шығып, барлық даму институттарын «Бәйтерек» холдингіне бергеннен кейін Айдар корпоративтік қаржы департаментін басқарды.

«Самұрық-Қазына» қоры корпоративтік қаржы департаментіндегі жұмыс мен үшін қаржы активтерін басқару сияқты баға жетпес тәжірибеге айналды.  Біріншіден, беталысымды қайта бағдарлау қажет болды, өйткені қаржы кез-келген ұйым үшін маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Сол кезде, 2014 жыл, Қордың қаржылық тұрақтылығы үшін күрделі жағдай болды – мұнай бағасының құлдырауы, жоғары валюталық қарыз, ұлттық валюта бағамының әлсіреуі. Топ бойынша кредиттік тәуекелдер іске асырыла бастады. Қор негізгі қоржындық компаниялардың жалғыз акционері ретінде жағдайды тұрақтандыру үшін қолдау шараларын көрсетуге мәжбүр болды.

Кейінірек біз командамен болашақта дағдарыстық жағдайлардың теріс әсерін азайту мақсатында корпоративтік қаржы қызметін күшейту туралы ойлана бастадық. Нәтижесінде біз Қор тобының борышы мен қаржылық тұрақтылығын басқару жөніндегі саясатты әзірледік, оның негізіне Қордың тәжірибесінен алынған сабақтар, сондай-ақ кредиттік-рейтингтік агенттіктердің әдістемесі алынды. Бұл шаралар, менің ойымша, Қордың да, әрбір қоржындық компанияның да кредиттік тәуекелдерін басқаруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қорда жұмыс өте көп, бірақ әріптестеріміздің жоғары кәсіпқойлығы есебінен біз кез-келген күрделі мәселелерді жедел және сенімді түрде еңсердік.

Сонымен қатар, кәсіби тұрғыда үнемі жетілдіріліп отыру қажет. Бұл ретте барлық мәселеде компания мүддесін қорғау және болып жатқан оқиғалардың жалпы көрінісін байыптап отыру қажет», - дейді Айдар Рысқұлов.

Қаржы қуаты

2019 жылдың тамыз айында Айдар Рысқұлов Қордың қоржындық компаниясы – «Самұрық-Энерго»АҚ-ға жұмысқа ауысты. Бұл Қазақстанның ірі энергетикалық холдингтерінің бірі, оған 2019 жылы елдегі барлық электр энергиясын өндірудің 28%-ы тиесілі болды. Жаңа орында ол экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарды.

«Сол кезеңде мен корпоративтік қаржы саласында шамамен төрт жыл жұмыс істедім. Маған одан әрі дамуға көмектесетін тәжірибе алу үшін портфельдік компаниялар деңгейінде қаржы жөніндегі директор ретінде жұмыс істеу қызықты болды.

2019 жылы маған «Самұрық-Энергоға» ауысу ұсынылды. Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор – бұл қаржы ағындары, қаржылық тұрақтылық және ақшаны бақылау туралы шешім қабылдауға жауап беретін орын.

Мен осында келгенде, компания «қызыл» аймақта болды, валюталық борышты азайту және өтімділікті тиімді басқару үшін кэш-пулинг тетігін енгізу бойынша бірқатар ауқымды өзгерістер жүргізілді. Жағдайды жақсарту үшін қосымша күш салдық және 2019 жылдың қорытындысы бойынша қаржылық тұрақтылық бойынша «жасыл» аймаққа шықтық», – дейді Айдар Рысқұлов.

«Самұрық-Қазына» қорының мамандарына нақты тәжірибе алу үшін қоржындық компанияларда жұмыс істеу маңызды деп есептейді ол.

«Самұрық-Қазына» компаниясында еңбек етушілердің барлығы портфельдік компанияларда жұмыс істеуі керек. Осылайша өндіріске жақындай түсесің және бәрі қалай қалыптасқанын жақсы түсінесің», – деп қосты біздің кейіпкеріміз.

Ынта және оқу

Айдар Рысқұлов Қордағы жұмыстың екі маңызды сәтін атап өтеді - бұл қызметкерлердің жоғары ынтасы және кәсіби өсу үшін үлкен мүмкіндіктер.

«Үнемі байланыста болып, жақсы қарым-қатынастан айнымау және бір-бірімізден үйрену қажет. Бұл өте оң тәжірибе және жалпы «Самұрық-Қазына» – жаңа білім, тәжірибе алу және ой-өрісті кеңейту тұрғысынан Қазақстандағы үздік жұмыс берушілердің бірі. Бұл өрісті ұзартудың тамаша мектебі», - дейді әңгімелесушіміз.

Сондай-ақ, Айдар Рысқұловтың айтуынша, Қор жұмыс беруші ретінде оқытуға көп көңіл бөледі. Бірақ кәсіби біліктілікті арттыру үшін жауапкершілікпен тер төгу керек.

«Қорда жұмыс істей жүріп, 2014 жылы Назарбаев Университетіне Executive MBA бағдарламасына түсіп, 2015 жылы аяқтадым. Мен осындай оқытудан өткен көптеген әріптестерімді білемін және бұл олардың әрі қарай дамуына көп көмектеседі. Бұл қор қызметкерлерін ынталандырудың елеулі шарасы, мұнда мансаптық өсу үшін барлық жағдай жасалған», – деп атап өтті кейіпкеріміз.

Шабыт пен сүйікті іс

Айдар Рысқұлов үшін – бұл үнемі өзін-өзі жетілдіру және отбасы.

«Қаржылық менеджментте жұмыс істеймін, сондықтан мен үшін қаржы мен экономика саласын – іргелі және тәжірибелік қырларды түсінуді тереңдету жақсы мотивация болып табылады. Мысалы, қор нарығының жұмысын ұғыну үшін өз басыма биржадағы акцияларға инвестициялау тәжірибесі ең жақсы мектеп болды. Бұл өте қызықты», - дейді кейіпкеріміз.

Отбасы, әлбетте, айрықша орында. Айдар Рысқұловтың пікірінше, ол әке ретінде балаларына жақсы үлгі болуы қажет.

«Ата-анасына қарап, балалар мінез-құлық пен жұмысқа деген көзқарасты айна-қатесіз көшіреді», - деп қосты ол.

Кейіпкеріміз отбасымен көбірек уақыт өткізуге тырысады. Сондай-ақ, соңғы екі жылда ол белсенді түрде жүгірумен айналысады, ол қазірдің өзінде жай ермек емес, әдетке айналған.

«Мен уақыт болған кезде, яғни таңертең ерте жүгіремін. Денсаулық бабынан таймаған абзал. Бұл өмірдің белсенді ырғағына сәйкес келетін қуат береді. Тағы бір сүйікті ісім - кітап оқу, соңғы уақытта оларды жүгіру кезінде аудиокітаптарды тыңдаумен ұштастырамын», - дейді Айдар Рысқұлов.