Артқа

«Бұл мамандық мені тұлға ретінде дамытуда» - Qsamruk.kz арқылы сүйікті жұмысын тапқан Жанат

18 қаң. 2024
«Бұл мамандық мені тұлға ретінде дамытуда» - Qsamruk.kz арқылы сүйікті жұмысын тапқан Жанат

Қазір «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына кіретін Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығында бас менеджер болып жұмыс істейтін Жанат Мағұлованың оқиғасын сіздермен қуана бөлісеміз.

Кейіпкеріміз бұл жұмысқа Qsamruk.kz цифрлық рекрутинг порталында жолыққан.

«Мен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында жұмыс істеуді көптен армандап жүрген болатынмын. Сондықтан интернеттегі іздеу жүйесінде осындай сұраныс жасадым. Google маған Qsamruk бетін ұсынды. Тиісті сайтты үнемі қарап отырдым. Себебі онда жаңа жұмыс орындары күнделікті жарияланып, бірде Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығындағы бос орынды көзім шалды. Содан компанияны, үміткерлерге қойылатын талаптарды зерттеп, жауап бердім. Нәтижесінде іріктеуден сәтті өттім», – дейді Жанат.

Орталық маманы сайттың қолданысқа ыңғайлылығын атап өтеді:

«Маған сауалнаманы бір рет толтыру жеткілікті екені, содан кейін оны жай ғана толықтырып, дайын түйіндемені жүктеуге мүмкіндік беретіні ұнады. Сонымен қатар, сайтта ыңғайлы сүзу жүйесі бар екендігі қолайыма жақты. Осының арқасында өзіңізге сәйкес келмейтін, қажет емес жұмыстарды қараудың қажеті жоқ. Іріктеудің барлық кезеңін көріп, жұмыс орнына байқаудағы әр өзгеріс туралы поштаға хабарлама алу тетігі бойға сенім ұялатып, адалдық ұғымына сендіріп, көңілді жайландырады екен».

 

Жанат өз ісін өте жақсы көреді. Жұмысы оған ләззат сыйлап, күнделікті шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға жол ашуда:

«Бұл мамандықты мені тұлға ретінде ашатындықтан таңдадым. Адамдармен ашық-жарқын қарым-қатынас пен белсенді өмір салты – жаныма жақын дүниелер. Маған жүктелген міндеттердің бірі – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы белсенді жастар шоғырымен жұмыс істеу. Осылайша Қордың жастар саясатын іске асыру аясында өткізілетін күнделікті коммуникациялар мен іс-шаралар мені шабыттандырады және қуаттандырады. Бұл менің сүйікті ісіме толықтай берілуімнің басты себебі».

Жанат жұмыста кейде күтпеген жайттар мен оқыс оқиғалар жолығатынын тілге тиек етеді.

«Мысалы, ұйымдастыру сәттерінде. Бірақ іс-шараларды ұйымдастыра білудің мәнісі сонда, бірден жылдам шешім қабылдап, тығырықтан шығудың жолын табу керек. Бұл орайда бізде татулығы ажырамаған, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаратын мықты команда бар. Әрқашан бір-бірімізді қолдауға және көмектесуге асығамыз. Сонымен бірге, басшылыққа лайықты бағасын берген абзал. Жұмыс уақытынан тыс мезгілде де басшыма қоңырау шалып, шұғыл түрде келісімшартқа қол қоюын сұрай аламын. Ал жауабы ретінде тек екі сөзді естимін: «Жарайды, қазір», - деп күледі кейіпкеріміз.

 

Айта кеткен жөн, Жанаттың жақсы білімі мен үлкен жұмыс тәжірибесі қалыптасқан. Бұл оған қазіргі қызметіне өтетіндей белесті бағындыруға ықпал еткен.

Ол халықаралық қатынастар бакалавры және құқық магистрі. Сондай-ақ, АҚШ-тағы Солтүстік Америка колледжінің тілдік курстарын бітірген. Еңбек жолын Қостанай облыстық әкімдігінде Жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша бастап, кейін 2,5 жыл АҚШ-та тұрып, жұмыс істеген.

Қазақстанға оралғаннан кейін Жанат Астанаға қоныс аударып, 2017 жылы EXPO-2017 халықаралық көрмесінде, «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ коммерцияландыру департаментінде қызмет етті.

Көрме аяқталғаннан кейін өзінің еңбек жолын әкімдікке қарасты «Astana Venue Management» ЖШС еншілес ұйымында бизнесті дамыту департаментінің директоры, әрі қарай - коммерция басқармасының басшысы лауазымдарында жалғастырды.

2021 жылы Жанат Дубайдағы EXPO-2020 халықаралық көрмесінде қазақстандық павильонда еvent-менеджер ретінде жұмыс істей отырып, БАӘ-де еліміздің атынан өкілдік ету құрметіне ие болған.

Бос уақытында Жанат спортпен, жаттығу залында фитнеспен және жүзумен шұғылданғанды ұнатады. Сондай-ақ үнемі білім алуда: әртүрлі семинарларға, өзін-өзі дамыту бойынша дәрістерге қатысуда. Тек ағылшын тіліндегі фильмдерді көріп, шетелдік достарымен қарым-қатынасты жалғастыра отырып, ағылшын тілін жетілдіруге тырысуда.

Жанатқа ашық әңгімесі мен өз бастан өткергенімен бөлісуге дайындығы үшін алғыс айтамыз.

Бүгінде QSamruk.kz мыңдаған адамдарға қызмет ету ахуалы ең жақсы жетекші компанияларда сүйікті жұмысын табуға мүмкіндік сыйлауда. Қазір Қазақстан бойынша барлығы Qsamruk.kz сайтында 1 100-ден астам бос жұмыс орны орналастырылып отыр.

Сәйкес ақпаратты порталда 500-ден астам ұйым мен олардың филиалдары орналастыруда. Мұнда 180 000-нан астам ізденуші тіркелсе, 16 қызмет пен конкурстық рәсімдерді өткізудің 40-тан астам цифрлық құралы кәдеге жарап тұр.

QSamruk.kz – цифрлық рекрутинг сіздер үшін!