Артқа

Жаңа жыл – жұмыстағы жаңа белестер. Қалай үйреншікті жағдайдан арылып, тыңнан түрен салуға болады?

06 қаң. 2023
Жаңа жыл – жұмыстағы жаңа белестер. Қалай үйреншікті жағдайдан арылып, тыңнан түрен салуға болады?

Біз сізге мансаптық өсу мақсаттарын қоюдың неліктен маңызды екенін, оларды қалай дұрыс жоспарлау керектігін және оларға жетуге не кедергі болатынын айтып беруге тырыспақпыз. 

Біз бәріміз қашықтан немесе кеңседе, күнделікті немесе ауысыммен жұмыс істейміз. Дегенмен, бұл жұмыстар жай ғана үйреншікті ырғақпен өтіп кете ме яки биік белестерді бағындырып, асқаралы асуларға ұмтыласыз ба – өзіңізге байланысты.

Күйбең тірліктен арылып, ширау үшін барша шаруаны өз қолыңызға алған дұрыс. Ол үшін мансаптық мақсаттарды қалыптастыру маңызды. Міне жаңа жыл да келіп жетті және дәл осы сәт жұмысыңызды қалай түрлендіріп, түлетіп, гүлдендіре алатыныңызды ойланғаныңыз абзал.

Неліктен бұл маңызды? 

Өсіп-өнуіңізді басқару үшін. Мақсаттарыңызды межелеу арқылы оларға біртіндеп жету оңайырақ. Миымызда өздігінен жаңа армандар жарқ етіп, тамаша дүниелерге итермелеуі мүмкін.

Тіпті жоғары лауазымға, жақсы жалақыға ие бола отырып, сіз өзіңізге жаңа мақсаттар қоя білуіңіз керек. Олар сізді сергек ұстап, жайлы әрі тыныш, бірқалыпты жұмыс ағымында тоқмейілсіп кетуден сақтайды.

Мақсаттарды қалай айқындамақ керек? 

Мақсат арманнан анық және түпкі нәтижесі айқын сипатымен ерекшеленеді. Мысалы, «қыруар табысқа кенелу» - бұл арман. Бірақ «2024 жылға дейін айына 500 мың теңге табуды бастау» - бұл мақсат. 

Мақсат өлшенуі қажет және нақты мерзімге ие болған жөн. Сіз мақсаттың орындалғанын аңғартатын шарттарды бағамдап алуыңыз ләзім. 

Мансаптық мақсаттар тек лауазым мен табысқа ғана емес, сонымен қатар біліктілікті арттыруға, жаңа дағдыларға ие болуға, жеке бизнес ашуға, жұмыс орнын өзгертуге және басқаларға байланысты болуы мүмкін. 

Мақсатты қалай жүзеге асыруға болады? 

Мақсаттар сіздің күнделікті жұмысыңызбен біте-қайнасып кетуі керек. Бұл үшін әр мақсатқа арналған іс-қимыл жоспарын сызып, содан кейін бәрін шағын тоқсандарға, айларға, апталарға және күндерге бөлу маңызды.

Мысалы, сіз лауазымға көтерілуге немесе бос жұмыс орындарын іздеу тұрғысынан еркін болуға көмектесетін қазақ тілін үйренгіңіз келеді. 

Мақсат өлшенетін болуы керек болғандықтан, оны келесідей тұжырымдауға болады: «Мен қазақ тілін B1 деңгейінде (Қазтест критерийлеріне сәйкес орта деңгей) жыл соңына дейін білгім келеді». 

Содан кейін сіз мақсатты кішігірім мақсаттарға бөлесіз: 

* Қазтест неден тұратынын зерделеу 

* Сынақ тестін тапсыру арқылы ағымдағы деңгейді түсіну

* Курстарды/оқытушыларды табу

* Қазақ тілінде кітаптар/сериалдар табу

* және т. б.

Содан кейін тапсырмаларды әртүрлі уақыт аралықтарына бөлу керек. Мысалы «әр тоқсан сайын мен ҚАЗТЕСТ аралық тестін тапсырамын, ай сайын 1 кітап оқимын, апта сайын қазақ тілінде 1 фильм/бағдарлама көремін, күн сайын курстарға барамын, күн сайын 15 минут таныс/бейтаныс адамдармен қазақ тілінде сөйлесемін». 

Осылайша, бір жылға арналған ауқымды мақсат сіздің күнделікті жұмысыңызға айналады. Күнделікті игі бағытта кішкене қадам жасайсыз. 

Нәтижеден ләззат алыңыз

Мақсатты жүзеге асырғаннан кейін нәтижеден ләззат ала біліңіз. Әр мақсатқа жетудің қуанышы – жаңаларын қалыптастырып, оларға жету үшін ең жақсы қуат көзі. Сонымен қатар, процестің өзі кезінде сіз өзіңізді мақтап, мадақтап отыруыңыз керек. Сонда сіз әр қадамды ерік-жігеріңізді қинамай, жеңіл, құлшыныспен жасайсыз. 

Анель Әбілқайырова