Артқа

«Ұжым құшақ жая қарсы алды». Алматыда ЖЭО-1 қызметкері Qsamruk.kz арқылы сүйікті жұмысын тапты

08 қар. 2023
 «Ұжым құшақ жая қарсы алды». Алматыда ЖЭО-1 қызметкері Qsamruk.kz арқылы сүйікті жұмысын тапты
Бексұлтан, көптеген әріптестері сияқты, энергетика саласы үшін кадрлар даярлауда еліміздің бас жоғары оқу орны саналатын Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде оқыған. 
«Университетте бізге электр станцияларындағы өндіріс көрігі қызу қайнаған тыныс-тіршілік, ондағы бай тәжірибе мен білімнің орасан зор қайнары туралы көп айтылды. Осыған байланысты мен ұзақ ойланбастан электр станциясында жұмыс істеуді шештім», - деп әңгімелейді кейіпкеріміз.
Қазіргі жұмысына дейін сұхбаттасушымыз досы кеңес еткен А. Жақұтов атындағы ЖЭО-2-де электромонтер болып жұмыс істеген.
«АлЭС» АҚ тобын қоса алғанда, «Самұрық-Энерго» АҚ компанияларында өндірістік қызметтің барлық кезеңінде заманауи стандарттар мен технологияларды енгізу бойынша түрлі жобалар іске асырылуда. Qsamruk.kz платформасы жайлы да Бексұлтан жұмыста білген. Әріптестері портал арқылы компаниялар тек сырттан кадрларды іріктеп қана қоймай, ішкі конкурстар өткізілетінін айтқан. 
«Порталды қарай отырып, өзіме қажет бос жұмыс орны, яғни қазіргі қызметім туралы білдім де бірден оған жауап қаттым. Әрине уайымдадым, бірақ порталды пайдалану өте оңай, әр қадамды іштей түсініп, бағамдадым. Сонымен бірге барлық кезең айқын көрініп тұрады. Нәтижесінде, іріктеу рәсімдерінен сәтті өткеннен кейін жұмысқа шақыру алдым. Ал әріптестер еңбек үдерісімен таныстырды. Өткен жұмыс орнымнан басты айырмашылық жауапкершілік деңгейінде аңғарылды: ағымдағы міндеттерді орындаудан басқа, мен енді өз учаскемдегі барлық жұмыстарды орындау үшін қажет жағдайдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуім және бақылауым керек», - дейді Бексұлтан. 
Жаңа ұжымда жас маманды құшақ жая қарсы алып, жылы қабылдаған. 
«Менің әріптестерім мейірімді, ізгі және өте жауапты адамдар. Бірінші кезде әлбетте сұрақтар туындап, біраз уайымдадым. Алайда жұмыста бәрі мені қолдап, әлі де демеп келеді. Менің ойымша, жұмыс берушіге деген көзқарасқа және орындалатын жұмыс сапасына әлеуметтік ортаның жайлылығы қатты әсер етеді», - дейді ол.
Жұмыстан бос уақытында Бексұлтан әдетте спортзалға барып, музыкалық аспаптарда ойнайды және сурет салады. 
«Қазір қыстың табалдырықтан аттауын күтіп жүрмін. Себебі сүйікті қысқы спорт түрлерімен айналысып, бойым сергиді, денсаулығым шынығып, тамаша күш-жігер жинаймын», - дейді кейіпкеріміз.
Бүгін QSamruk.kz Бексұлтан сияқты мыңдаған адамдарға «Самұрық-Қазына» АҚ тобында және Қазақстанның басқа да ірі жұмыс беруші компанияларында сүйікті жұмыс табуға тең мүмкіндік беруде. 
Бос жұмыс орындары туралы ақпаратты порталда 540-тан астам ұйымдар мен олардың филиалдары орналастырып келеді. Мұнда 174000-нан астам үміткер тіркелген. 2019 жылдан бастап 48000-нан астам бос жұмыс орны орналастырылды. Жалпы платформа тарихында жарияланған жұмыс орындарына 440 000-нан астам жауап келіп түсті.