Артқа

Жақсы түйіндеме жасаудағы 6 қате. Рекрутер тәжірибесі.

04 қыр. 2020
Жақсы түйіндеме жасаудағы 6 қате. Рекрутер тәжірибесі.

Интернетте түйіндемені қалай дұрыс құрастыру керектігі туралы көптеген мақала бар. Өз басым күн сайын жұмысымда ең көп кездесетін қателіктер туралы айтқым келді.

Түйіндеме көлемі тұрғысында.  Егер сіз өзіңіздің түйіндемеңізді жұмысқа алушылар байқағанын және міндетті түрде қарауға қабылданғанын қаласаңыз, онда ол негізгі ойлар мен жетістіктерге назар аудара отырып, қысқа да нұсқа түрде жазылуы және 2-3 беттен аспауы керектігін ескеріңіз. Осылайша, сіз, жұмыс берушінің көптеген үміткердің ішінен таңдау жасауын жеңілдетесіз.  Әдетте, ұзын және көлемді түйіндеме оқылмайды және олар соңғы кезекте қарастыруға қалдырылады.

Байланыс деректері. Іскери хат алмасу үшін оңай есте сақталатын электрондық пошта мекенжайын жазыңыз және сізбен байланысуға әрқашан қолжетімді бір телефон нөмірін таңдаңыз. Cat91@, superboy@ және тағы басқа сипаттағы электрондық мекенжайлар көзге қораш көрінеді. Түйіндемені жіберу үшін құпиялық мақсатында корпоративтік поштаны пайдаланбаңыз, өйткені компаниядан шыққаннан кейін сіздің мекен-жайыңыз біраз уақыт белсенді боп тұруы ықтимал.

Фотосурет.  Түйіндеме үшін арнайы фотосуретке түсіңіз. Фотосуреті бар түйіндеме жақсы есте қалады және бірінші кезекте көзге түседі. Фотосурет көркем түрде 3/4 сипатында болуы тиіс: ұзына бойы, корпоративтік, жағажайдан және мейрамханадан қажет емес. Мұндай фотосуреттер езуге күлкі үйіруден тыс, ниетіңіздің дұрыстығына күмән келтіруі мүмкін.

Тым қысқа, шолақ түйіндеме де қисынсыз. Салғырт толтырылған түйіндемеде жұмыс тәжірибесі, құзыреттілік пен білім жайы көрсетілмесе, жұмыс беруші оны әрі ысыра салады.  Олар сізге егжей-тегжейлі ақпарат алу үшін қоңырау шалып әуреленбейді. Егер сіз қалай дұрыс түйіндеме толтыруді білмесеңіз, үлгілік нұсқаны көшіріп алып, ондағы барлық бағанды мұқият толтырыңыз.

Жеке құзыреттер. Өзіңізді таныстыру да өнер. Сабырлылық, істі тез меңгеру, төзімді жүйке, жанжалшыл болмау және тағы басқа сөздер рекрутерді аса қатты елең еткізбейді. Сондықтан қасаңдықтан қашып, «үш апта ішінде грузин тағамдарын пісіруді үйреніп алдым», «бір айда ағылшын тіліндегі 1000 сөзді жаттадым» деген сөйлемдерді алға тосуға тырысыңыз. Нақты мысалдар мен жетістіктер жеке басыңыздағы жарқын қасиеттерді ұтымды ашады.

Орфография. Қатесіз түйіндеме - бұл сіздің сауаттылық деңгейіңіз бен жұмыс берушіге деген құрметіңіздің көрсеткіші. Егер сенімді болмасаңыз, досыңыздың немесе мәтіндік редакторлардың көмегін қолданыңыз, осылайша грамматикалық және орфографиялық қателерді болдырмауға тырысыңыз.

Түйіндеме - бұл сіз жайлы алғашқы әсер етуші ақпарат. Дәл осы мағлұматты жұмыс беруші бірінші көріп, әрі қарайғы көзқарасы мен өзара ынтымақтастық туралы шешім қабылдайды. Сондықтан, бұл мәселеге жауапкершілікпен қараңыз, күш-жігеріңізді аямаңыз, нәтижесінде арманыңыздағы жұмыс та ұзақ күттірмейді!

Автор: Наталья Литвинова, «ҮМЗ» АҚ қызметкерлерді іздеу және іріктеу жөніндегі маманы, Өскемен қ..