Артқа

Уақытты үнемдеу және пайдаланушыларға қамқорлық сезіледі - «Қазатомөнеркәсіп» АҚ қызметкері Qsamruk.kz туралы

07 жел. 2021
Уақытты үнемдеу және пайдаланушыларға қамқорлық сезіледі - «Қазатомөнеркәсіп» АҚ қызметкері Qsamruk.kz туралы

«Самұрық-Қазына» АҚ тобының компанияларында 10 жылдан астам жұмыс істеген Аслан Нұрғалиев қызықты жобалар мен жаңа белестер үшін қызмет саласын түбегейлі өзгертуден қорықпады. Қазір ол атом өнеркәсібінің әлемдік көшбасшысы, Ұлттық әл-ауқат қорының 100% қоржындық компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ таланттарды басқару басқармасының бөлім менеджері. Ол медицина, көмір өндіру саласындағы инженер жұмысы, содан кейін HR-ге көшу кезеңін әңгімеледі. Аслан, айтпақшы, «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінде алты жыл жұмыс істеді. Сондықтан Sasmruk Qyzmet бірыңғай рекрутингтік платформасының құрылу тарихымен жақсы таныс.

 

Аслан – аянбай тер төгіп, өзіңіз бен басқаларға биіктерді мұрат білсеңіз, мансаптың да сәтті болатынының жақсы үлгісін көрсете алады.

 

«Білімім бойынша химик-технологпын, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде оқыдым. Бірден жұмыс таба алмағанымды айта кеткен жөн. Жергілікті Жұмыспен қамту орталығына барып едім, «Богатырь Көмір» көмір өндіру компаниясында бос орындардың бірі ашылғанын жеткізді. Онда жастар тәжірибесінен өтіп, техникалық бақылау бөлімінің инженері болып жұмыс істедім», - дейді сұхбаттасушымыз.

 

Екібастұзда орналасқан компаниядағы үш жылдан кейін 24 жастағы Аслан өзгеріс пен өсуді, шағын қаланы елордаға ауыстыруды қалады.

 

«Достарымнан бос жұмыс орындарының бірі еліміздің ірі медициналық мекемелерінің бірі - Республикалық диагностикалық орталықта ашылғанын білдім. Техникалық білімім болғандықтан, түйіндемемді медициналық жабдықты пайдалану бөліміне тапсырдым. Бірақ бір ай жұмыс істегеннен кейін мені халықаралық оқыту бөліміне ауыстырды. Мұнда ағылшын және түрік тілдерін білуім маңызды рөл атқарды», - дейді маман.

 

Бұл күтпеген өзгеріс Асланның мансабын түбегейлі өзгертіп, ол HR саласына «қоныс аударды». Онда қызметкерлерді дамыту мен оқытудың маңыздылығын түйсінді.

 

Содан кейін тағдыр кейіпкерімізді «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетіне алып келіп, онда алты жыл ішінде компанияның барлық дерлік сатысын жүріп өтті.

 

«Мен келісімшарт жасаушы ретінде бастадым, содан кейін менеджер, бас менеджер және департамент директоры болып жұмыс істедім. Лауазымдар өзгерді, бірақ бағыт өзгеріссіз қалды - оқыту. Жұмыс қызықты болды және көптеген жаңа мүмкіндіктер ашты. Әрине, соңғы сәттер ең айқын есте қалатыны анық. Мен кетіп бара жатқанда, пандемия басталды. Біздің алдымызда, Қордың барлық компаниялары сияқты, сапасынан айрылмаған райда барлық офлайн-курстарды цифрлық сипатқа көшіру бойынша үлкен сынақ тұрды. Бәрі ойдағыдай болғанына қуаныштымын және менің ойымша, ол әлі де жақсы жұмыс істейді», - дейді Аслан.

 

Кейін Аслан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-дағы бос орынға қызығушылық танытып, іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өтті. Содан «Самұрық-Қазына» қорының ірі компанияларының біріне қабылданды да, міне ол жерде еңбек еткеніне 9 айдың жүзі болды. Бос жұмыс орны туралы әріптестерінен біліп, іріктеу Qsamruk.kz платформасында өтті.

 

«Samruk Qyzmet өзім Корпоративтік университетте жұмыс істеген кезімде құрылған болатын, сондықтан жобаның дамуының барлық кезеңін жақсы білемін. Qsamruk.kz өмірге келгені тамаша болды, өзім оны кәдеге жараттым. Меніңше, мұндай қызметті құру өте керемет шешім болды. Сансыз сайттардан бос жұмыс орындарын іздеп, ақтарып отырудың орнына, олардың барлығын бір шоғырланған платформада оңай табу қарастырылған. Бұл дегеніңіз, жұмыс іздеушілер үшін уақытты үнемдеу және пайдаланушыларға қамқорлық жасау деп білемін», - дейді сарапшы.

 

Аслан «Қазатомөнеркәсіпке» іріктеудің барлық кезеңдерін Qsamruk.kz арқылы өтті:

 

«Мен вербалды және сандық тест, заңдарды, қазақ және ағылшын тілдерін білу тапсырмаларын тапсырдым, сондай-ақ әңгімелесудің бірнеше кезеңінен өттім. Жұмысым қызметкерлерді оқыту мен дамытуға қатысты. Өткен тәжірибем маған осында қажет болды - оқыту компанияларының бүкіл қазақстандық нарығын дерлік жетік білемін. Тренерлермен, түрлі компаниялармен алты жыл жұмыс істеу бойыма сапасы мен егжей-тегжейін түсінуге көмектесетін жақсы бэкграунд сыйлады. Бұл жұмысымда үлкен артықшылықты қамтамасыз етуде».

 

Аслан армандағы кез-келген мансаптық жол, егер сіз тырысып, үйреніп, сәтсіздікке ұнжырғаңызды түсірмесеңіз әбден мүмкін деп санайды.